
Афина, 2026 жылғы 23 қаңтар – Грекия Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожиннің Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелеріне жауапты Грекия Сыртқы істер министрлігінің «A5» саяси департаментінің жаңадан тағайындалған директоры Элени Триантафилумен кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне, сондай-ақ өзара сапарлар кестесіне және бейінді ведомстволар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Талқылаудың жеке блогы Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықтың орнықты және кезең-кезеңімен дамуын қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі ретінде екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелеріне арналды. Сонымен қатар, Қазақстанның екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға, грек инвестицияларын тартуға және перспективалы экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі екені атап өтілді.
Елші Тимур Сұлтанғожин грек әріптесін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында жариялаған ауқымды саяси және конституциялық реформалары туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Элени Триантафилу Қазақстанның орнықты дамуын және жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін растады, сондай-ақ грек тарапының оларды одан әрі тереңдетуге және практикалық мазмұнмен толықтыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Кездесудің соңында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, бірқатар негізгі тақырыптар бойынша ұстанымдарының сәйкес келетінін немесе жақындығын және сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.