Грекияның солтүстік өңірлері Қазақстанмен өзара серіктестікті кеңейтуге мүдделі

Грекияның солтүстік өңірлері Қазақстанмен өзара серіктестікті кеңейтуге мүдделі

Салоники, 2025 жылғы 14 қараша – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Салоники қаласына жұмыс сапарымен барды. Грекияның «солтүстік астанасы» атанған Салоники – Орталық Македония аймағының әкімшілік орталығы және Балқанның жетекші экономикалық әрі көлік-логистикалық хабтарының бірі болып табылады. Сапар барысында Елші муниципалитет басшылығымен, іскер топтармен және академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесіп, практикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Салоники қаласының Мэрі Стелиос Ангелудиспен өткен кездесуде қала инфрақұрылымы, көлік және логистикалық шешімдер, цифрлық муниципалдық басқару, туризм және мәдени бастамаларды іске асыру салаларындағы өзара байланыстарды нығайту мәселелері қаралды. Сондай-ақ Салоники мен Қазақстанның ірі қалаларының бірі арасында бауырлас қалалар қатынастарын орнату, сауда-өнеркәсіп палаталары мен бизнес қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды дамыту перспективалары талқыланды. Мэр Ангелудис Қазақстанды Орталық Азиядағы Грекияның сенімді әріптесі ретінде атап, «Салоники қаласы Балқан мен Қазақстан арасындағы көпір болуға дайын» екенін жеткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Салоникиде Қазақстан мәдениеті күндерін өткізуге, білім және инновация салаларындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге және туристік алмасуды арттыруға мүдделілік танытты.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында Салоники Сауда-өнеркәсіп палатасында «Opportunities for Doing Business between Kazakhstan and Greece» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуде Елші Қазақстанның инвестициялық және көлік-логистикалық әлеуетін таныстырып, агробизнес, көлік, жаңартылатын энергетика және технологиялық даму салаларындағы әріптестік мүмкіндіктерін атап өтті. Іс-шараға туризм, логистика, білім, аграрлық сектор, девелопмент және консалтинг салаларында жұмыс істейтін грек компаниялары қатысып, қазақстандық серіктестермен тікелей байланыстар орнатуға қызығушылық білдірді.

Сапардың маңызды бөлігі Аристотель атындағы университеттің Ректоры Кириакос Анастасиадиспен кездесу болды. Грек тарабы Қазақстанда жоғары білім және халықаралық академиялық ынтымақтастық саласында жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық білдірді. Тараптар академиялық алмасуларды жандандыру, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту, сондай-ақ 2018 жылы жасалған Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен ынтымақтастық туралы келісімді белсенді іске асыру жөнінде уағдаласты.

Сапар соңында Елші Салоникидегі Қазақстанның Құрметті консулдығына барып, азаматтарға консулдық қолдау көрсету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және Қазақстанның Солтүстік Грекиядағы мәдени қатысуын нығайту мәселелерін талқылады.