Грекия Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттары талқыланды

Грекия Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттары талқыланды

Афина, 2025 жылғы 13 қазан – Грекия Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин мен Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Хари Теохарис арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасып, саяси диалогты одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Грекия арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға ниетті екендіктерін растады.

Қазақстан Елшісі елде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар мен шетелдік инвестицияларды тарту шаралары туралы ақпарат беріп, Қазақстанның грек компанияларына ашық екенін және іскерлік әріптестікті тереңдетуге дайын екенін атап өтті.

Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Хари Теохарис Қазақстанның Грекия үшін Орталық Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес екенін және Афинаның Қазақстанмен ұзақ мерзімді және өзара тиімді қатынастарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесуде сондай-ақ Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның келесі отырысын өткізуге дайындық мәселелері және көлік пен логистика салаларындағы ықтимал өзара іс-қимыл бағыттары қарастырылды.

Тараптар әуе қатынасы, инвестицияларды өзара қорғау, салық салу және цифрлық активтерді реттеу салаларындағы бірқатар екіжақты келісімдердің келісу барысын да талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын бағыттарда Қазақстан мен Грекия арасындағы әріптестікті кеңейту үшін сындарлы өзара іс-қимылды және күш-жігерді үйлестіруді жалғастыруға ниетті екендерін растады.