Афинада Қазақстан мен Грекияның парламентаралық диалогты нығайту мәселесі талқыланды

Афинада Қазақстан мен Грекияның парламентаралық диалогты нығайту мәселесі талқыланды

Афина қаласы, 2025 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Парламентінің депутаты, «Қазақстан–Грекия» парламенттік достық тобының тең төрағасы Эвангелос Сиригоспен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар қазақстан-грек ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын, оның ішінде ү.ж. маусымда өткен грек парламенттік делегациясының Астанаға сапарының қорытындылары тұрғысынан сөз етті. Тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыруға, әсіресе ЕҚЫҰ ПА және ЕКПА сияқты халықаралық парламенттік алаңдарда, ерекше назар аударды.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ екіжақты саяси диалогты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Көлік, логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды одан әрі іске асыруға өзара мүдделілік атап өтілді.

Қазақстандағы ішкі саяси процестерді талқылау тұрғысында Елші Сұлтанғожин әңгімелесушіні ү.ж. қыркүйекте айтылған Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауының негізгі ережелері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, цифрландыруды одан әрі жалғастыру, әлеуметтік-экономикалық қайта құру, сондай-ақ бір палаталы Парламентке көшуді қоса алғанда, саяси реформаларды жалғастыру мәселелері қозғалды.

Өз кезегінде депутат Сиригос Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және демократия институттарын нығайту бойынша қолға алған қадамдарын жоғары бағалады. Ол жүргізіліп жатқан өзгерістерге қолдау білдіріп, оларды іске асыруда табыс тіледі.

Кездесу қорытындысы бойынша диалогты жалғастыру және қазақстандық парламент мүшелерінің Афинаға қайтар сапарын дайындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.