Афины, 2025 жылғы 26 мамыр – Грекия Республикасының астанасында Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан киносының фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараның алғашқы күні күш-қайрат пен тәуелсіздіктің символына айналған аңызға айналған сақ патшайымы туралы баяндайтын «Томирис» тарихи фильмі көрсетілді.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Сұлтанғожин, Грекияның Мәдениет министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Джордж Каланзис және «Қазақфильм» АҚ өкілі Күляш Жұмаханова сөз сөйледі. Өз сөздерінде олар мәдени алмасудың екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастарды нығайтудың ажырамас бөлігі ретіндегі маңызын атап өтті.
Фестиваль 28 мамырға дейін жалғасады. Үш күн ішінде афиналық көрермендерге қазақстандық мәдени мұраны және заманауи кинематографиялық жетістіктерді көрсететін маңызды кинотуындылар ұсынылады. Олардың қатарында қазақстандық танымал вокалды-аспаптық ансамбль туралы түсірілген «Дос-Мұқасан» фильмі мен бірнеше буын көрермен үшін мәдени феноменге айналған классикалық «Менің атым Қожа» фильмі бар.
Фестивальдің ашылу рәсімі «Томирис» фильмінің белгілі актері Әділ Ахметов, «Дос-Мұқасан» фильмінің режиссері Айдын Сахаман, грек кинематографиялық қауымдастығы өкілдері, студенттер, БАҚ, дипломатиялық, іскерлік және қоғамдық орта өкілдері, сондай-ақ қазіргі уақытта Грекияда тұратын Қазақстанның бұрынғы азаматтарының қатысуымен белсенді пікірталастармен жалғасты.
Фестиваль грек жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырып, Афины қаласының мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды және Қазақстан мен Грекия арасындағы бірлескен мәдени бастамалардың өзектілігі мен қажеттілігін тағы да растады.
ҚР Елшілігі, Грекия