Ұлы Отан соғысының батырлары тек ескерткіште емес, әрқашан есте болуы қажет

Ұлы Отан соғысының батырлары тек ескерткіште емес, әрқашан есте болуы қажет

Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 76 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулдығы және Астрахан облысы халықаралық қатынастар агенттігінің ұйымдастыруымен  ү.ж. 29 сәуірі күні Ұлы Отан соғысында із-түссіз кеткен жауынгерлерді іздестіру іс-шаралары бағытындағы халықаралық конференция өтті. Екі ел арасындағы Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған бұл тарихи конференция «Іздестіру қимылдарының жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде және соғыс құрбандарын мәңгілік есте сақтауда атқаратын ролі» атты тақырыпта онлайн режимінде өткізілді.

Аталған конференцияны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, ҚР Қарулы күштері әскери-тарихи мұражайы, Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің Астрахан қаласындағы уәкілетті өкілдігі, Астрахан қаласы әкімшілігінің уәкілетті өкілі және танымал әскери-тарихи ғалымдар белсенді атсалысып, ұйымдастырды.

Конференцияның ресми ашылуында ҚР Астрахан қаласындағы Бас консулы Т.Үмбетбаев, конференция қатысушыларына із-түссіз кеткен жауынгерлердің тарихқа оралуындағы қиын да жүйелі жұмыстарына  жетістіктер тілеп, қасіретті соғыстың құрбандары туралы батыр Бауыржан Момышұлының «Ұлы Отан соғысының батырлары тек ескерткіште емес әрқашан есте болуы қажет» деген ұранды сөздерінен үзінділер келтірді. Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан баяндама жасағандар ҚР әскери мұражай қызметінің басшысы, генерал А.Панфиловтың немере қызы А.Б. Байкадамова, анасы Валентина Ивановнаның (А.Панфиловтың қызы) соғыстағы өмірі мен мұражай тарихы, соғыс кезіндегі оқиғалар туралы айтып, ал ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-тарихи мұражайының өкілі М.Құсайынов Қазақстаннан із-түссіз кеткен жауынгерлерді іздестірудегі жетістіктері туралы толық анықтамалар беріп, болашақта халықаралық іс-шаралар бойынша нақты ұсыныстарын енгізді.

Конференция нәтижесінде Астраханның мұражайларында сақталған  із-түссіз кеткен кейбір жауынгерлердің суреттері, өмірбаяндары және т.б. тарихи бағалы мұрағат құжаттары Қазақстан іздеушілеріне берілетіні туралы келісілді.

ҚР Астрахан қаласындағы Бас консулдығы ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен белсенділік көрсеткен өкілдеріне конференцияны өткізуде көрсеткен қолғабыстары үшін алғысын білдіреді.