
Қалмық Республикасының Басшысы Бату Хасиковтың шақыруымен Элиста қаласына Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев бастаған делегация жұмыс сапарымен барды. Ресми іс-шаралар мен келіссөздерге Қазақстан Республикасының Астрахандағы Бас консулы Қанат Хасенов қатысты. Сапардың басты мақсаты — өңірлер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту.
Кездесу барысында тараптар Каспий маңы өңіріндегі бірлескен сауда-экономикалық және көлік-логистикалық жобаларды ілгерілетуді егжей-тегжейлі талқылады. Ресми тұлғалар ауыл шаруашылығы саласындағы, соның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы кооперацияның нақты мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ғылым, экология және туризм салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Гуманитарлық салада жоғары оқу орындары арасындағы алмасуды кеңейту және бірлескен мәдени іс-шараларды өткізу жоспарлары белгіленді. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Қалмықия аумағында тұратын қазақ диаспорасына жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды мәселелерін қозғады.
Сапар бағдарламасы аясында қазақстандық делегация Элиста қаласындағы «Ставка кочевника» алаңында басталған XXVI Ресейлік асыл тұқымды қой мен ешкі көрмесінің салтанатты ашылуына да қатысты.