
Астрахан облысы Володар ауданының Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдениет орталығы базасында дәстүрлі қазақтың ұлттық мерекесі – «Жайлау той - 2026» ұйымдастырылды.
Сегізінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл мереке Астрахань облысының тұрғындарын, Ресейдің әртүрлі өңірлерінен келген қонақтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан арнайы келген делегацияларды бір алаңға жинады. Бұл мереке қазақ халқының қыстаудан жайлауға көшу кезеңін бейнелейтін, ұлттың бай дәстүрі мен мәдени мұрасын дәріптейтін маңызды шара болып табылады.
Мерекенің құрметті қонақтары қатарында Астрахан облысы губернаторы әкімшілігінің басшысы, вице-губернатор Павел Паутов, Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов, Астрахан облыстық Думасының депутаты Ринат Аюпов, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мүшелері, сондай-ақ Құрманғазы ауданы делегациясы мен өнерпаздары болды.
Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі өтті. Жазғы сахнада Астрахань облысының шығармашылық ұжымдары, Құрманғазы атындағы өңірлік мәдениет орталығының өнерпаздары және Атырау облысы Құрманғазы ауданынан келген әншілер мен орындаушылар өнер көрсетті.
Қонақтардың ерекше қызығушылығын ұлттық спорттық жарыстар – қазақша күрес, қой көтеру сайысы тудырды. Сонымен қатар, келушілер сәндік-қолданбалы өнер көрмелерімен, жергілікті қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен тарихына арналған экспозициялармен және халық шеберлерінің туындыларымен танысты.
Мерекенің жарқын сәттерінің бірі «Бауырсақ-шоу» гастрономиялық фестивалі болды. Онда қонақтарға көне рецепт бойынша дайындалған дәстүрлі бауырсақтар мен ұлттық тағамдар, сондай-ақ атақты Астрахань балық сорпасы ұсынылды.
«Жайлау той - 2026» ұлтаралық достық пен татулықтың, мәдени дәстүрлерге деген құрметтің және Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік байланыстардың жарқын көрінісіне айналып, қос халықтың ортақ тарихи-мәдени мұрасын сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.