Ақтау мен Астрахан қалалары 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды

Ақтау мен Астрахан қалалары 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды

Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Ақтау қаласы әкімдігі мен Ресей Федерациясының «Астрахан қалалық округі» муниципалдық құрылымы арасында 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою рәсімі өтті.

Іс-шара бейнебайланыс форматында ұйымдастырылып, оған Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Астрахан қаласының басшысы Игорь Редькин, Астрахан облысы Сыртқы байланыстар министрінің міндетін атқарушы Илья Торопицын және Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов қатысты.

Әбілқайыр Байпақов өз сөзінде қол қойылған жоспардың Ақтау мен Астрахан арасындағы бауырластық қатынастарды жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Екі қала арасындағы өзара іс-қимыл экономика, мәдениет, гуманитарлық және білім беру салаларын қамтиды.

Қанат Хасенов құжаттың өңірлер арасындағы көпжылдық достық байланыстарды нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Ресей тарапынан Астрахан және Маңғыстау облыстары арасындағы табысты ынтымақтастық тәжірибесі, оның ішінде экономика, кеме жасау, мәдениет және туризм салаларындағы бірлескен жобалар ерекше атап өтілді.

2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары кәсіпкерлікті дамытуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Ақтау мен Астрахан арасындағы мәдени және іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған жобаларды қамтиды.

Құжатқа Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов пен Астрахан қаласының басшысы Игорь Редькин қол қойды.