
Ақтау қаласындағы Yessenov University студенттері Астрахан қаласындағы Ф.М. Апраксин атындағы Каспий теңіз және өзен көлігі институтында практикадан өтуде.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен генерал-адмирал Ф.М. Апраксин атындағы Каспий теңіз және өзен көлігі институты арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында академиялық мобильділік бағдарламасы басталды.
Бағдарламаға «Кеме қатынасының қауіпсіздігі» білім беру бағыты бойынша оқитын төртінші курс студенттерінен құралған 12 адамдық топ қатысуда. Бұл - аталмыш жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік аясында іске асырылып отырған алғашқы студенттер алмасу жобасы.
Қазақстандық студенттер лекцияларға қатысып, оқу процесімен, зертханалық және практикалық сабақтармен танысып, теңіз және өзен саласына қатысты пәндерді оқуда.
Астрахандық курсанттар қазақстандық студенттерге оқу корпустары мен зертханаларды аралатып, қаланың тарихи және мәдени орындарын көрсетті.
Аталған академиялық бастама екі жоғары оқу орны арасындағы әріптестікті нығайтуға, Каспий аймағына қажетті кәсіби мамандар даярлауға және халықаралық білім кеңістігін дамытуға бағытталған.