Қазақстан өңірлері мен Астрахан облысы арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қаралды

Қазақстан өңірлері мен Астрахан облысы арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қаралды

Қазақстанның Бас консулы Қанат Хасенов Астрахан облысының Сыртқы байланыстар министрі Владимир Головковпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан өңірлері мен Астрахан облысы арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі жағдайы мен оларды кеңейту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықтың оң серпіні атап өтілді. Статистикалық деректерге сәйкес, биылғы жылдың тоғыз айында Астрахан облысынан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 20%-ға артып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 мың тоннаны құрады.

Биыл Қазақстанға күріш пен күріш жармасының, қырыққабаттың, сәбіздің, қызылшаның, кәді мен баклажанның жеткізілімі қайта жанданды.

Кездесу барысында Атырау облысының Сауда үйін Астрахан қаласында ашу мәселесі талқыланды. Бұл жоба болашақта Астрахан нарығында қазақстандық өнімдердің номенклатурасын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тараптар кеме жасау саласындағы екіжақты табысты ынтымақтастықты да атап өтті. Қазіргі уақытта Астрахан кеме жасау зауыттарында қазақстандық тапсырыс бойынша 4 сүйреткіш-итермелі кемесі мен 1 жер қазу кемесі (земснаряд) салынуда.

Кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Бүгінде Астрахан облысының жоғары және орта кәсіби білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасынан 542 студент білім алуда.

Қараша айында Орал қаласында өтетін Ресей мен Қазақстанның XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде жұмысшы мамандықтарды даярлау тақырыбы негізгі бағыттардың бірі болатыны ескерілді. Осыған орай Қанат Хасенов пен Владимир Головков аталған іс-шараға Астрахан облысы делегациясының қатысуына байланысты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.