Атырау және Астрахан облыстары сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Атырау және Астрахан облыстары сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Астрахан қаласында «Менің бизнесім» орталығы алаңында бейнеконференция форматында Қазақстан Республикасының Атырау облысы мен Ресей Федерациясының Астрахан облысы билік органдары мен іскерлік қауымдастық өкілдерінің кездесуі өтті.

Іс-шараның модераторы қызметін Астрахан облысының Сыртқы байланыстар министрінің міндетін атқарушы Илья Торопицын атқарды.

Кездесуге қатысушыларға құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Астрахандағы Бас консулы Қанат Хасенов жолдады. Өз сөзінде ол екіжақты қатынастарда өңіраралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылатынын, оның ішінде Астрахан облысының айрықша орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан өңірлері мен Астрахан облысы арасындағы көпжылдық ынтымақтастық барысында түрлі бағыттарда өзара іс-қимылдың оң тәжірибесі жинақталғаны айтылды.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін және ынтымақтастықты кеңейтудің перспективаларын талқылады. Әсіресе, Атырау облысының сауда үйін Астраханда ашу бастамасына ерекше көңіл бөлінді. Бұл жоба екіжақты іскерлік байланыстарды дамытуға, жергілікті өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кооперациясын кеңейтуге ықпал етпек.

Талқылауға өнеркәсіп, сауда, энергетика және экономикалық даму саласындағы өңірлік министрліктердің өкілдері, Астрахан облысының даму корпорациясы, инновациялық орталық және шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қоры қатысты. Қазақстан тарапынан кездесуге Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша жақын уақытта Атырау облысының сауда үйін ашу мәселесіне қатысты келіссөздерді жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.