2025 жылғы 25 тамызда Астрахан қаласында V Халықаралық классикалық өнер фестивалі – «Каспий маусымдары» аясында Каспий маңы елдерінің музыкалық мәдениеті күндері өтуде. Осы шара барысында астрахандық көрермендер мен қонақтарға Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі концерт берді.
Концертке Астрахан облысының Мәдениет министрі О.Прокофьева, облыстың Сыртқы байланыстар министрі В.Головков, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Астрахандағы Бас консулы Қ.Хасенов қатысты.
Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Б.Долдашовтың жетекшілігімен ұжым қазақ композиторларының таңдаулы шығармаларын және әлемдік классикалық туындыларды орындады.
Концертте республикалық байқаулардың лауреаттары – Б. Идирбай, А.Басығариев, Б.Амантаев, Б.Каримов, Н.Нәжекенов, Ж.Қорғанова және Д.Тлеккабылова өнер көрсетті.