Қалмақ Республикасымен екіжақты байланыстарды дамыту және кеңейту аясында Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасеновтың Элиста қаласына жұмыс сапары өтті.
Сапар аясында Қалмақ Республикасының Басшысы Бату Хасиковпен кездесу өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, гуманитарлық өзара іс-қимыл, мәдени ынтымақтастық және жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік мәселелеріне ерекше назар аударды. Көлік, логистика және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы Каспий маңы ынтымақтастығына, сондай-ақ қазақ диаспорасын қолдау мәселелері талқыланды.
Тараптар агроөнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға, туризмді дамытуға және бірлескен мәдени жобаларды – фестивальдер мен көрмелерден бастап білім беру алмасуларына дейін – жүзеге асыруға өзара ниетті екендерін білдірді. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымына қол жеткізу және инвестициялық қызметті қолдаудың қолданыстағы шаралары ұсынылды.
Сапар – Элистадағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мемориалдық кешенде Қазақстан тумасы, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Спатаевтың есімі де енгізілген.
Қалмақ Республикасына сапар аясында Қанат Хасенов екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.
Қалмақ Үкіметінің мүшелерімен, оның ішінде Үкімет Төрағасының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Очир Шургучеевпен кездесіп, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өндірістік байланыстарды нығайту перспективалары талқыланды.
Бас консул ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы кооперацияның негізгі алаңына айналуға тиіс агроөнеркәсіптік паркті аралады.
Сапар аясында таныстырылған нысандардың бірі – қытай капиталының қатысуымен салынған «Сян Махан» ЖШС ет өңдеу кәсіпорны болды. Мұнда алдағы уақытта қазақстандық аграрийлермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды.
Қалмақ мемлекеттік университеті жанындағы ауыл шаруашылығы жануарларын көбейту орталығына баруға ерекше назар аударылды. Бұл орталық генетикалық қорды жақсарту үшін тұқымдық материалдардың криобанкін қолданумен айналысады. Қазақстанның мамандандырылған мекемелерімен ғылыми ынтымақтастық келешегі бойынша пікір алмасу өтті.
Қалмақ мемлекеттік университеті басшылығымен жеке кездесу өтті. Академиялық және гуманитарлық серіктестікті, оның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы алмасулар мен бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыру бағыттары талқыланды.
Сапар бағдарламасы қазақ мәдениеті «Жерлестер» қоғамдық бірлестігінің белсенділерімен кездесумен аяқталды. Онда тіл, мәдениет пен дәстүрді сақтау, сондай-ақ Қазақстанмен мәдени және гуманитарлық байланыстарды қолдау мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қалмақ Республикасы арасындағы тату көршілік, практикалық өзара іс-қимыл және өзара тиімді серіктестікті Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық рухында одан әрі нығайтуға ниетті екендерін растады.