Қазақстан Елшісінің Түрікменстан Сыртқы істер Министрімен кездесуі

Қазақстан Елшісінің Түрікменстан Сыртқы істер Министрімен кездесуі

Ашғабат, 2024 жылғы 16 шілде - Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Ноғаев Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесу өткізіп, сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.

Р. Мередов Елшіні жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтап, түрікмен тарапының оның дипломатиялық қызметін жүзеге асыруға жәрдемдесуге және қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Бұдан әрі Тараптар мемлекетаралық өзара іс-қимылдың түрлі бағыттарын қамтитын қазақстан-түрікмен қатынастарының күн тәртібін талқылады. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастық өзара сыйластық, теңдік және өзара тиімді әріптестік қағидаттары негізінде дамитыны айтылды.

Дипломаттар саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық сипаттағы басым бағыттар бойынша қазақстан-түрікмен екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін қарастырды. Тараптар екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруда шешуші рөлді жоғары деңгейдегі байланыстар атқарады деген пікірде болды. Сонымен қатар, тараптар үкіметаралық, парламентаралық, ведомствоаралық және СІМ-аралық байланыстардың тиімді сипатын атап өтті.

Сондай-ақ, өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.