Қазақстан мен Түрікменстан Сыртқы істер министрі орынбасарларының кездесуі туралы

Қазақстан мен Түрікменстан Сыртқы істер министрі орынбасарларының кездесуі туралы

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 2 қыркүйек - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бердынияз Мятиевтің кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы қазақстан-түрікмен ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективалары туралы пікір алмасты.

Тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қазандағы Түрікменстанға мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, сондай-ақ 2022 жылғы қазанда Қазақстанның астанасында – АӨСШК, ТМД және Орталық Азия – Ресей Федерациясы саммиттерінде өтетін халықаралық іс-шараларға түрікмен тарапының қатысуына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталған сыртқы саяси ведомстволар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.