4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Әлемнің кейбір мемлекеттерінде рәміздер күні ретінде арнайы күн аталып өтетін болса, кейбірінде арнайы мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Ал кейбір елдер бұл күнді арнаулы дата ретінде қарастырмайды.
Қазақстан мемлекеттік рәміздерге, оның статусына, қолданылу тәртібіне айрықша ден қойған елдер қатарында. Олай болса бүгінгі мақаламызда мемлекеттік рәміздерді пайдалану, оның мемлекет пен оны мекендеуші халық өміріндегі орнына қатысты әлемдік тәжірибелерді және елімізде тәуелсіздік жылдары осы салада қабылданған заңнамалық өзгерістер және оның қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолында атқарар рөліне қысқаша тоқталатын боламыз.
2007 жылғы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» N 258 Конституциялық заңына сүйенсек мемлекеттік рәміздерге Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, сондай-ақ Мемлекеттік Гимн жатады. Қазақстанда Мемлекеттік рәміздерді дайындау, тарату және оны пайдалану қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Әр дәуірде түрлі мемлекеттердің, ұлттардың өзіне жақын тартқан және қадірлеген символдары, әпсаналар мен тарихи оқиғаларға негізделген ерекше белгілері болғаны тарихтан белгілі. Ежелгі замандарда бұл символикалардың кейбірі халықтың діни таным-түсінігіне, қалыптасқан өмір шарттарына, табиғи ерекшеліктерге сәйкес пайда болып, сан ғасырлар бойы адамдармен бірге жасау арқылы бүгінге дейін жалғасып келді.
Әлемнің көптеген мемлекеттерінде мемлекеттік рәміздер, елдің жалаулары, қастер тұтатын символдық белгілердің тарихи астары, діни және патриоттық сезімге негізделген мазмұнға ие. Мәселен, еуропалық және көптеген батыс мемлекеттерінің байрақ-жалауларында христиан дінінің, еврейлерде иудаизмнің, мұсылман мемлекеттерінің көпшілігінде жасыл түстің, айдың белгісі немесе ислам дініне қатысты өзге де атрибуттардың нышаны айқын сезіледі. Сондай-ақ, әлемде мемлекеттерден бөлек, көптеген жеке елді мекендердің, қалалардың да дербес рәміздері бар екенін де айта кетуге болады. Бұған қарап, символизм, рәміз мазмұнында елдің, елді мекеннің, сол жерді мекендеген халықтың жылдар бойы қалыптасқан тарихи санасы, өмірлік принциптері, құндылықтары рөл ойнайтынын байқауға болады.
Бұған шетелдік жалауларды есептемегенде кешегі Көктүріктер, Алтын Орда, Қазақ хандығы және Алаш партиясының дербес байрақтарының болғаны және қастерлі символ ретінде маңызды іс-шараларда, соғыстар мен келіссөздер кезінде кеңінен қолданылғаны белгілі. Тіпті, қазақ халқында әр рудың өзіне тән жеке белгілері мен байрақтарының болғаны тарихи деректерден белгілі. Қазақ руларының белгілері мен символдары Таңбалы Тас ескерткіштерінде тасқа қашалып, бүгінге дейін жетіп отыр. Ал бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда да елдің символына, азаматтардың мақтанышына айналған мемлекеттік рәміздер де бар.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін экономика, саясат, идеология және әлеуметтік салаларда дамудың жаңа бағытын таңдады. Осы ретте, мемлекеттің жаңа рәміздерін таңдау да уақыт талап еткен жаңа өзгеріс болатын.
Кеңес Одағы ыдырайтын, тәуелсіздік алатын жылдар таяған уақытта белгілі тарихшы, академик, ҚазақКСР халық депутаты Манаш Қозыбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның заман талабына сай жаңа гербі мен әнұранын дайындау қажеттігі жөнінде арнайы хат жазып, бұрынғы символиканың жеке басқа табынушылық белең алған, ескі идеология заманында жазылғанын, сол үшін жаңа мәтінде ұлттық бояу, тәуелсіздік элементтерін енгізу қажеттігі туралы ұсыныстарын алға тартқан болатын. Бұл еліміздің жаңа рәміздерін дайындау жөніндегі жұмыстарға серпін бергенін айта кеткен жөн.
1992 жылдың басында жаңа Мемлекеттік рәміздерді дайындау жөнінде Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысы жарияланды. Осыған орай, мемлекеттік рәміздерді дайындаумен шұғылданатын, аталған бағыттағы жұмысты үйлестіретін арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Комиссия құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәмерденов секілді тұлғалар енгізілді.
Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту және Мемлекеттік Әнұран жобасына жарияланған конкурсқа бас-аяғы 600-ден астам адам қатысты. Оның ішінде 1200 эскиз Мемлекеттік Туға, 245 кескіндеме жобасы мен 67 жазба Мемлекеттік Елтаңбаға, 750 нұсқа Мемлекеттік Әнұранға байланысты ұсынылды.
Әрбір ұсыныстың, жобаның көтерген идеялық жүгін, мазмұнын саралап, көптің ішінен сарасын таңдау оңай болмағаны анық. Символдың тарихи астары, бүгінгі заман талабына сәйкес келетін мән-мағынасы, көркемдік бейнесі бір-біріне байланысты болуы тиіс. Аталған талаптың үдесінен шыға білген Шәкен Ниязбеков ұсынған жоба Қазақстанның Мемлекеттік Туы ретінде таңдалса, Елтаңба ретінде белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлиханов ұсынған жоба таңдап алынды. Ал тәуелсіз Қазақстанның әнұраны ретінде алғашқыда Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз» деп басталатын «Елім менің» өлеңі орындалып жүрсе, 2006 жылғы 7 қаңтардан бастап Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне, Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған «Менің Қазақстаным» туындысы таңдап алынды. Алайда әнұранның мәтініне Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбев түзетулер енгізгенін де айта кеткен жөн. Бүгінде осы Әнұран тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәмізі ретінде бекітілген.
Қазақстанның Мемлекеттік Туының ашық көк түсі – ашық аспанды, қыран құс еркіндікті, шуақ шашқан күн елімізге түскен шуақты, жаймашуақ сәтті және ою-өрнек ұлттық тарихи ерекшелігімізді білдіреді. Мемлекеттік Елтаңбадағы әрбір детальдың да білдіретін идеялық мазмұны бар. Елтаңбада бейнеленген қос пырақ халқымыздың төл тарихынан, «ер қанаты – жылқы» саналатын байырғы дәстүрінен, бес жұлдыз бес құрлыққа ашылған достық құшағымыздан, уықтар елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстар санынан, ортадағы шаңырақ Қазақстан атты қасиетті елдің осынау ұлыстардың басын қосқан ортақ отан екенін білдіреді. Ал Әнұранның мәтіні, оның жағымды әні азаматтарды патриотизмге шақыратын, әрі жеңіл жатталатын терең мазмұнымен ерекшеленеді.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты арнайы заңнамалық тәртіп бар. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Мемлекеттiк Рәміздердің бейнесiн қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың геральдикалық негізі ретінде пайдалануға тыйым салынған.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздер патриоттық сезімді туғызатын қастерлі нышан саналғандықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оны пайдаланудың тәртібі мен шарттары барынша қатаңдатылған болатын. Алайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабылданған шектеулерді азайту, ел азаматтарының мемлекеттік туды өз тұрғын үйлерінің балкондарына немесе қабырғасына ілуіне заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру қажеттігі жөнінде тапсырма берген болатын.
Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген мемлекеттерінде бар екенін айта кеткен жөн. Мысалы алысқа бармай-ақ бауырлас Түркия мемлекетін алып қарасақ та, барлық елді-мекендерде көпқабатты үй қабырғалары, балкондары және маңызды нысандардың сыртқы қасбеттері қызыл түсті ел байрағымен үнемі көмкеріліп тұратынын, бұқаралық іс-шараларда, спорттық сайыстарда, тіпті жеке меншік үйлердің төрінде мемлекеттік тудың ілініп тұратынын жиі байқауға болады. Елдің әрбір азаматы туғанынан елдің мемлекеттік туын көріп өседі, өзін мемлекеттің шынайы патриоты санайды.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес өткен жылы Мемлекеттік рәміздерді пайалануға қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, азаматтардың Мемлекеттік Туды патриоттық мақсатта кең пайдалануына мүмкіндік жасалды. Енді бүгінде ел азаматтары өзі тұратын үйдің балконына, терезесіне немесе көлігіне көк байрағымызды желбіретіп іле алады. Тек Мемлекеттік рәміздің таза болуына, оның дұрыс ілінуіне және заңнамада белгіленген стандарттарға сәйкес жасалған рәміздерді орналастырса болғаны.
Мемлекеттік рәміздердің орналасуына қатысты нақты шарттар бар. Мысалы мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде орналасатын Мемлекеттік Туға түнгі уақытта да жарық түсіп тұруы шарт. Сондай-ақ, суретте Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреп тұруы тиіс. Мекеме басшыларының жұмыс бөлмесінде орналасатын Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның орналасу реті арнайы талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Ірі іс-шараларда ең көп көрініс табатын рәміздің бірі – Мемлекеттік Ту. Осы ретте, Қазақстанның көк байрағы көптеген халықаралық спорт додаларында тұғырдың биік сатысына көтеріліп, Әнұранымыз шырқалып жүр. Қазақстан Туы әлемнің барлық континентінде, Монблан (4 810 метр), Ленин (7 134 метр), Эверест (8 848 метр) сынды әлемнің ең биік шыңдарында желбіреді.
1994 жылғы 1 шілдеде мақтанышымыз Талғат Мұсабаев ғарыш көгіне Мемлекеттік Туымызды алып шықса, 2015 жылы Айдын Айымбетов те ғарыш көгіне Туымызды алып шығып, Жер шарын 150 рет айналып өткен болатын.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері ел азаматтарының негізгі құжаттары саналатын – төлқұжат, жеке куәлік, туу туралы куәлік, диплом, аттестат сынды маңызды құжаттарда көрініс табады.
Бүгінге дейін мемлекеттік тіл – қазақ тілін де мемлекеттік рәміздер қатарына енгізу жөнінде ұсыныстар айтылып келді. Өйткені әлемнің кейбір мемлекеттерінде мұндай үрдіс бар. Ұсыныстың қисынға келетінін тілдің дәстүрлерді, тарихты жалғайтын ерекше сипатына, патриотизмнің айрықша белгісіне ие екеніне қарап-ақ қуаттауға болады. Бұл ұсыныс қазіргі таңда нақты шешілмеген мәселе екенін ескере отырып, бүгінгі мақаламызда бекітілген рәміздер туралы ғана баяндаумен шектелдік.
Мемлекеттік рәміздер елдіктің символы, тәуелсіздіктің маңызды белгісі, тарихи тамырымыздың жаршысы саналады. Сондықтан оны кең көлемде пайдалану, қадірлеу, оның мән-мамзұнын білу қазақстандық патриотизмді қалыптастыру тұрғысынан да өзекті. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау тек 4 маусымда ғана емес жыл бойы жүйелі түрде жасалуы тиіс маңызды міндет.
Барлық құқықтар қорғалған. Материалдың түпнұсқасына сілтеме: https://strategy2050.kz/news/r-mizderdi-adirley-bilemiz-be/