Қазақстан Елшісі Түрікменстанның БҰҰ-ға кіруіне арналған конференцияға қатысты

Қазақстан Елшісі Түрікменстанның БҰҰ-ға кіруіне арналған конференцияға қатысты

Ашғабат, 2021 жылғы 2 наурыз – Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түрікменстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруіне 29 жыл толуына орай «Түрікменстан және БҰҰ: бейбітшілік пен сенім үшін ынтымақтастық» атты Халықаралық конференцияға қатысты.

Іс-шараға Ашхабадта тіркелген дипломатиялық корпустың басшылары және бейнеконференцбайланыс арқылы БҰҰ құрылымындағы агенттіктер мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Түрікменстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары қатысты.

Іс-шара аясында Түрікменстан Үкіметі мен БҰҰ-ның Халық қоныстану қоры (UNFPA) арасындағы тең қаржыландыру туралы келісімге, сондай-ақ Түрікменстанның Спорт және жастар саясаты министрлігі мен UNFPA арасында 2021 жылға арналған «Ұлттық жастар саясатын іске асыруда және гендерлік теңдікті ілгерілетудегі жастардың қатысу тетіктерін нығайту» жобасы аясындағы Жұмыс жоспарына қол қоюдың онлайн-рәсімі өтті.

Сонымен қатар, Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Р.Мередов БҰҰ-ның Түрікменстандағы тұрақты үйлестірушісінің уақытша міндетін атқарушы, UNICEF-тің Түрікменстандағы өкілі К.Вейгандқа БҰҰ төлқұжаты бар шетелдіктер үшін Түрікменстанға визасыз кіру тәртібін бекіту туралы 2021 жылы 28 ақпанда Түрікменстан Президенті қол қойған қаулысына қатысты вербалды нотаны табыс етті.