Ашғабат, 2021 жылғы 1 наурыз – Бүгін Алғыс айту күні Елшілікте Түрікменстандағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында 26 ақпанда Маңғыстау облысына сәтті жеткен алғашқы топ этникалық қазақтардың Түрікменстаннан Қазақстанға оралуы талқыланды. Отандастар өздерін мазалайтын сұрақтарды қойып, консулдық және құқықтық мәселелер бойынша Қазақстанға жіберудің келесі кезеңдеріне қатысты тиісті консультация алды.
Алғыс айту күні диаспора өкілдері Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінің басшылығына шетелдегі қазақ диаспорасына бөліп жатқан назары мен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Кездесуге қатысушыларға биыл елімізде атап өтілетін маңызды мерейтойлар туралы айтылды: Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30-жылдығы, бірқатар көрнекті тұлғалар мен мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлары – Жамбыл Жабаев, Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейханов және т.б.
Кездесудің соңында қазақ ақыны, жазушысы Мұқағали Мақатаев 90-жылдығына орай оның өмірі мен шығармашылығы туралы шағын деректі фильмі көрсетілді.