АШҒАБАТ, 7 қазан 2020 – Бүгін Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түрікменстанның теңіз құрылымдарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Бейнеконференция форматында өткен кездесуге «Түркмендениздеряеллары» агенттігінің, «Теңіз сауда флоты» ЖАҚ-тың, Түрікменбашы халықаралық теңіз портының, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Түрікменстандағы өкілдігінің өкілдері қатысты.
Тараптар теңіздегі жүк және жолаушылар тасымалы саласындағы ынтымақтастықты, екі елдің транзиттік және көлік әлеуетін жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар, Түрікменбашы мен Ақтау порттары арасындағы сызықтық контейнерлік тасымалды ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімнің жобасы және оны жасасу келешегі қаралды.
Елші Е.Сапиев сұхбаттасушыларды Елшілік қазақстандық «KTZ Express» АҚ мен түрікмен «Bir Kuwwat» компаниясымен бірлесіп, «полипропилен» жүгінің Түрікменстаннан Қытайға Қазақстан аумағы арқылы экспортын ұйымдастыру мәселесін пысықтағаны туралы хабардар етті.
Кездесу барысында жаңа көлік дәліздерін дамыту мүмкіндіктері, атап айтқанда, «Құрық порты-Махачкала порты» маршруты бойынша және одан әрі қарай бұл сызыққа Түрікменстанның қазіргі паромдарының бірін орналастыра отырып, тұрақты паромдық қатынасты бастау туралы әңгіме болды.