Анталия, 2024 жылғы 16 желтоқсан – Анталияда «Hassaq Community» қазақстандық студенттер қауымдастығы Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырды.
Концертке Анталия провинциясының Губернаторы Хулуси Шахин, қала әкімдігі мен басқа да ресми тұлғалар, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары және Анталияда тұратын Қазақстан азаматтары қатысты.
Құттықтау сөзінде Қазақстанның Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеев Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған ел екенін атап өтті және бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық түрлі салаларда дамып жатқанын жеткізді. Жақында құрылған қазақстандық студенттер қауымдастығы «Hassaq Community» ұйымдастырған концерт Қазақстан мен Түркия арасындағы тығыз ынтымақтастықтың айқын көрінісі екенін, оның жастар дипломатиясы мен мәдени алмасуды дамытуға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Мерекелік концерт бағдарламасында көрермендерге ұлттық әндер, билер мен өлеңдер, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын бейнелейтін театр қойылымы ұсынылды.
Сонымен қатар, түрік көрермендерді Қазақстанның мәдени мұрасымен және ұлттық әртүрлілігімен таныстыру мақсатында еліміздің халықаралық танымалдылығын арттыруға бағытталған «Kazakhstan: Born Bold» атты имидждік кампаниясы ұсынылды.