Қазақстандағы реформалар және «Born Bold» халықаралық кампаниясы Анталияның назарында

Қазақстандағы реформалар және «Born Bold» халықаралық кампаниясы Анталияның назарында

Анталия, 2024 жылғы 13 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар туралы брифинг ұйымдастырды.

Іс-шараға Анталия провинциясы губернаторының орынбасары Мұстафа Хулуси Арат, Анталия журналистер қауымдастығының басшысы Идрис Таш, сондай-ақ Анталиядағы ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бас консул Қуат Канафеев іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауының негізгі басымдықтарымен таныстырды.

Брифинг барысында Қ. Канафеев Мемлекет басшысының ұсыныстары бұрынғы жолдаулар мен сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген реформалардың жалғасы екенін атап өтті. Ол елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың барысындағы жетістіктерге тоқталды.

Сонымен қатар, түрік қонақтарына Үкіметіміздің бастамасымен іске қосылған Қазақстанның «Born Bold» халықаралық промо-кампаниясының негізгі месседждері ұсынылды.

Губернатордың орынбасары Мұстафа Хулуси Арат пен Журналистер қауымдастығының басшысы Идрис Таш Қазақстан мен Түркия арасындағы ортақ тарихқа, өзара құрметке және экономикалық өркендеуге ұмтылуға негізделген екіжақты қарым-қатынастардың маңыздылығын атап өтті. 

Іс-шара Қазақстанның туристік және мәдени әлеуетін, табиғи ресурстарын, сондай-ақ халықаралық іскерлік және мәдени алмасу перспективаларын көрсететін «Born Bold» бейнеролигінің көрсетілімімен аяқталды.