Анталия, 2024 жылғы 16 қыркүйек – 2024 жылғы 13-15 қыркүйек аралығында Анталияда 3-ші халықаралық «Yörük Türkmen» фестивалі өтті.
Іс-шараға Қазақстан атынан Қарағанды облысынан «Тоқырауын толқындары» фольклорлық ансамблі мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы қатысты.
Қазақ музыканттарының өнері түрік жұртшылығына өшпес әсер қалдырып, еліміздің мәдени мұрасының бірегейлігі мен байлығын көрсетті. Олардың белсенді қатысуы фестиваль бағдарламасын айтарлықтай байытып, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін берді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын одан әрі насихаттау және танымал ету мақсатында ҚР Бас консулдығы іс-шара қонақтары үшін арқан тарту және асық ату қазақтың ұлттық ойындарын ұйымдастырды.
Іс-шара жылы әрі достық жағдайда өтіп, түркі халықтарының мәдени дәстүрлері мен қолөнері көрсетілді.
Анталия муниципалитетінің басшылығы Қазақстанның фестивальге қатысу деңгейін жоғары бағалап, ҚР Бас консулдығын алғыс хатпен марапаттады.
Анталияға сапары аясында музыканттар Қазақстаннан тыс жерде алғаш рет орнатылған Домбыра ескерткішінің жанында қазақтың атақты туындыларын орындап, ұлы күйші композиторларды еске алып, ұлттық мәдениеттің символына құрмет көрсетті.