«El.kz» ақпараттық танымдық порталы бойынша

«El.kz» ақпараттық танымдық порталы бойынша

Анықтама

         «El.kz» порталының басты парақшасы «Өз еліңді танып біл!» деген шығармашылық ұжымның ұстанымымен ашылады.

         Сайттың негізгі  «Мәдениет», «Таным», «Ойын-сауық», «Арнайы жобалар» бөлімдерінде Қазақстанның көптүрлі мәдениетінен, салт-дәстүрінен бастап ғылым, бизнес салаларындағы танымдық жаңалықтар, денсаулық, қоғам және адам, табиғат байлықтары, тарихи ескерткіштер, ішкі туризмнің дамуы жөнінде тұрақты ақпараттық және танымдық материалдар беріліп отырады.

         Көріп отырғандарыңыздай, сайттың басты панелінің жоғарғы жағында «Отандастар» қорының Колл-орталығының байланыс телефондары берілген. Бұл сілтемені басу арқылы жедел желі арқылы байланыс орнатуға болады.

         Сонымен сайттың басты панеліндегі «Қандастар» бөлімінде Қазақстанға оралған және шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін қажетті мәліметтер топтастырылған.

  • Қандастар парақшасына өткен уақытта «Жаңалықтар» бөлімі бірінші болып ашылады. Мұнда «Отандастар» қорының ақпараттар легі орналастырылады. Сондай-ақ, «Отандастар» қорымен бірлесіп жасалған «Көш» видеожобасына сілтеме беріледі. Сондай-ақ, осы парақшада Қазақстанға келу тәртібі, азаматтық алу, квотаның бөлінуі туралы ақпараттық-анықтамалық материалдарға сілтемелер орналастырылады.
  • «Атажұрт» бөлімінде шетелдегі қазақтар және олардың көш жолдары мен тарихы, бүгінгі тұрмысы, сондай-ақ, мәдениет, өнер туралы танымдық материалдар, сұқбаттар, арнайы репортаждар беріледі. Тарихи себептерге байланысты елден кетуге мәжбүр болған әрбір қазақ біздің кейіпкеріміз бола алады. «El.kz» олардың елге деген сағынышын, атажұртқа аманатын жеткізетін диалог алаңына айналады деп сенеміз.

Осы жерде ескеретін жәйт, біз ата-бабаларының көш жолы, тарихы, өзінің өмірі туралы деректермен бөлісемін дегендерге мінбер беруге дайынбыз.

  • «Жас қазақ» бөлімінде Қазақстанда білім алу, оқу грантын иелену, қазақ тілін үйрену, өндірістік оқу тәжірибеден өту, жұмысқа орналасу жөнінде шетелдегі қазақ жастарына арналған маңызды ақпараттар беріліп отырады. Мұнда сондай-ақ, қазақстандық білім беру, еңбекпен қамту жүйелеріне байланысты пайдалы сілтемелер көрсетіледі. Оқу гранттары, шығармашылық ынталандыру қаламақылары туралы ақпараттарды да жас қандастарымыз осы бөлімнен табатын болады.
  • «Сараптама» бөлімінде Қазақ көшінің басталуы, бағыты, шетелдегі қазақтар, олардың елге оралуы секілді дерек пен дәйекке негізделген шетелдік және отандық ғалымдардың ғылыми зерттеу материалдары топтастырылады.
  • «Көмек» бөлімінде «Отандастар» қорының Қазақстанның әр аймағындағы фронт-кеңселері және Call-орталықтары қандастардың әлеуметтік, тұрмыстық, көші-қон мәселелеріне байланысты кеңес беру - ақпараттарын жариялайды.
  • Ал «Отандастар қоры» бөлімін басу арқылы арқылы қордың негізгі ресми сайтына (https://www.oq.gov.kz/ru) тікелей өтуге болады.

         (Сондай-ақ, «El.kz» порталының платформасында 2020 жылдың басынан Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.)

         «El.kz» интернет-жобасының материалдары түрлі қызықты форматта ұсынылады, оның ішінде мультимедиялық жобаларға басымдық беріледі.

         Қазір порталда Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың өмір тарихын баяндайтын «Көш» видеожобасы жүзеге асырылуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұнда кейіпкер өзінің атажұртқа оралуын, бүгінгі тұрмысын, қоғаммен араласуын, жеңістері мен жеңілістерін баяндайды. Бұл видеожоба біздің порталда айына екі рет шығарылады. Оның кейіпкерлері – елге оралған өз қандастарымыз.