Анталия, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстанның Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеев Түркияның Ыспарта және Бурдур провинцияларына жұмыс сапарымен барды, оның барысында жергілікті бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, «Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Іс-шараларға сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері, өндірістік кәсіпорындардың басшылары және аймақтағы кәсіпкерлер қатысты.
Бас консул Қ.Канафеев Орталық Азиядағы ең ірі экономика және маңызды логистикалық хаб ретінде Қазақстан инвесторларға тиімді географиялық орналасуы мен ЕАЭО мүшелігінің арқасында 185 миллионнан астам тұтынушыдан тұратын нарыққа қол жеткізуді қамтамасыз ететінін атап өтті.
Елдің стратегиялық даму басымдықтары туралы айта келе, дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа соңғы Жолдауында шикізатқа негізделген модельден инновациялық және технологиялық дамуға көшуге бағытталған инвестициялық саясат реформасын белгілегенін баса айтты. Қазақстан инвесторларды қолдаудың ашық және бәсекеге қабілетті жүйесін құрып, олардың құқықтарын қорғауды жақсартып, ұзақ мерзімді инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасап, түрік компанияларымен өнеркәсіптік ынтымақтастық үшін қосымша мүмкіндіктер ашуда екені аталып өтті.
«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Түркиядағы өкілі Ерсұлтан Жаңабаев Қазақстанның инвестициялық саясатының басымдықтары, мемлекеттік қолдау шаралары және шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндіктер туралы шолу жасады. Ол Қазақстанның ашық бизнес ортасын, салық жеңілдіктерін және сенімді инвестициялық қорғауды атап өтті және Kazakh Invest бірлескен жобаларды жүзеге асыруда түрік серіктестерін толық қолдауға дайын екенін білдірді.
Ыспарта мен Бурдур кәсіпкерлері агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, энергетика және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше қызығушылық танытты. Қатысушылар бірлескен кәсіпорындар құру, өндірісті жергіліктендіру және Қазақстан нарықтарына бірлесіп кіру мүмкіндіктерін талқылады.
Сапар барысында қазақстандық делегация екі провинциядағы өнеркәсіптік аймақтарды аралап, жетекші компаниялардың жұмысымен және олардың экспорттық әлеуетімен танысты. Түрік тарапы Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, елдің ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тұрақты платформа ретіндегі тартымдылығын атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті нығайтуға өзара қызығушылықтарын растады және сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін одан әрі ынтымақтастық орнатуға келісті.