Анкарада қазақ жастарының құрылтайы өтті

Анкарада қазақ жастарының құрылтайы өтті

Анкара, 2025 жылғы 28 сәуір – Анкарада Қазақстан Республикасы Елшілігі мен Анталия, Ыстанбұл, Измир қалаларындағы Бас консулдықтардың ұйымдастыруымен және ТҮРКСОЙ Халықаралық мәдениет ұйымы, Түркі әлемі Жастар Кеңесі және Анкара Университетінің қолдауымен Түркиядағы қазақ жастарының құрылтайы өтті. Іс-шара Ескишехир, Сакария, Болу, Карабүк, Анталия, Нийде, Ыспарта және басқа да қалалардан келген студенттерді бір арнаға тоғыстырды.

Құрылтайдың басты мақсаты – Түркияда білім алып жүрген қазақстандық жастарды біріктіру, достықты нығайту, ұлттық болмыс пен мәдениетті насихаттау болды. Жастар оқу жылының аяқталуына орай жылды қорытындылап, еліміздің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы пікір-алмасып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Түркияның түкпір-түкпірінен келген диаспора өкілдері жастарға өз ақыл-кеңестерін айтты.

Жастарымыздың халықаралық достық пен байланыстарын нығайту мақсатында құрылтайға Түркі елдерінің студенттер бірлестіктері арнайы шақыртылды. Осылайша, құрылтай халықаралық деңгейге ие болды.

Құрылтай барша халыққа есігі ашық мерекелік концертпен жалғасты. Ұлттық билер көрсетіліп, әндер шырқалды. Сонымен қатар, Абайдың 180-жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100-жылдығы аясында қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері ұлықталды. Композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100-жылдығына орай күйлері жергілікті тұрғындарға паш етілді.

Мерекелік концерттен кейін ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен қазақтың салт-дәстүріне негізделген ойындар ұйымдастырылды. Қонақтар бауырсақ, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық киімдермен суретке түсті. Қазақстаннан арнайы шақыртылған әншілер жастарға ерекше көңіл-күй сыйлап, еліне деген сағынышын басты. Осылайша, көрермендер қазақ мәдениетінің түрлі қырларымен танысты.

Жалпы 2000 аса қатысушыны біріктірген құрылтай жоғары деңгейде өтті. Жастардың патриоттық сезімін оятып, еліне деген сүйіспеншілігін арттырды. Жиын соңында белсенді жастар мен іс-шараның қолдаушыларына арнайы алғыс хаттар табысталды.