Анкара, 2025 жылғы 3 наурыз – Анкарада Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ТҮРКСОЙ ұйымы аясындағы еске алу жылының ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С.Раев, ҚР-дың Түркиядағы Елшісі Е.Сәпиев, Анкара Музыка және Өнер Университетінің ректоры, Түркі әлемі Өнер университеттері берлігінің басшысы Е.Өзден, Қазақстаннан арнайы келген өнерпаздар, дипломаттар, депутаттар мен қазақ диаспорасы қатысты.
Ашылу салтанаты Анкараның атақты Түркі әлемі музыка тобының Н.Тілендиев шығармаларын орындауымен бастау алды. Одан әрі қонақтар композитордың фотокөрмесінің тұсауын кесіп, Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Нұрмұхан Шаймерденов келген қонақтарға ұлы күйшінің өнер және өмір жолымен таныстырды.
Елші Е.Сәпиев өз сөзінде “Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы бізге тек өнердің биігін көрсетіп қана қоймай, еліміздің мәдениетіне және ұлттық бірегейлігіне деген сүйіспеншілікті арттырады. Оның елі үшін сіңірген еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз” екенін жеткізді.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С.Раев Нұрғиса Тілендиевтің тек қазақ жұртына ғана емес бүкіл түркі әлеміне белгілі тұлға болғанын алға тартты.
Қазақстаннан арнайы келген Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәли, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрінің күйшісі Арсен Тұрсын, Анкарадағы қазақ студенттерінен құралған “Отау” ансамблі композитордың керемет шығармаларын орындап, іс-шараға ерекше атмосфера сыйлады.
Естеріңізде болса, 2023 жылы Әзербайжанда өткен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің Мәдениет министрлерінің 40-шы Тұрақты Кеңесі қорытындысы бойынша 2025 жыл 100 жылдық мерейтойына орай ТҮРКСОЙ ұйымы аясындағы Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы болып жарияланған болатын.