Қазақстандағы су тасқынынан болған апатта эвакуациялық жұмыстар жүргізілуде

Қазақстандағы су тасқынынан болған апатта эвакуациялық жұмыстар жүргізілуде

Қазақстанда наурыз айының соңында ауа температурасының күрт жылуы, қардың тез еруі және жауын-шашынның қарқынды жаууына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны басталған болатын. 25-ші наурызда басталған эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 6-шы сәуірде Қазақстан халқына жолдаған үндеуде еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жариялады. Президент мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат екенін айтты. Тоқаев сәуірдің
4-інде Батыс Қазақстан облысына барған жұмыс сапарында өңірдің су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көріп, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Сонымен қатар, Президент төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі, Премьер-министр Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарындағы ағымдағы жағдайды тексерді және тасқынды тоқтату мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің 8-ші сәуірде берген мәлімдемесінде су тасқыны басталғаннан бері шамамен 76 мыңға жуық адам, оның ішінде 18 мыңнан астам бала құтқарылғаны хабарланды. Хабарламада уақытша баспанаға 7 203 адам, оның ішінде  оның ішінде 2794 бала орналастырылғаны және 69 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге көшірілгені айтылды. «Жедел желі» телефонына 1052 қоңырау түскен, психологтар зардап шеккен адамдарға писхологиялық көмек көрсетуде.

Қазіргі таңда Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 745 жеке тұрғын үй, 421 аула аумағы су астында қалуда. Министрліктің мәлімдемесіне қарағанда, бірлескен күштермен 7,7 млн. астам текше метр еріген қар суы сорылды, 993 мың қапшық және 982 мың тонна инертті материал төселді. 1 739 тұрғын үй мен 1 743 аула аумағынан су бұрылды. Зардап шеккен өңірлерге барлығы 126 535 кг гуманитарлық көмек жеткізілді.

Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 16 375 адам, 1 651 бірлік техника, 377 су сору және 81 жүзу құралы, 15 әуе кемесі жұмылдырылды.