Анкарада Темірбек Жүргеновке арналған кітаптың тұсаукесері өтті

Анкарада Темірбек Жүргеновке арналған кітаптың тұсаукесері өтті

        Ү.ж. 14-қарашасында Қазақстан Республикасының Анкарадағы Елшілігі ТҮРКСОЙ ұйымымен және Еуразия Жазушылар Одағымен бірлесе отырып, қазақ халқының белгілі мемлекет қайраткері және ағартушысы Темірбек Жүргеновке арналған «Темірбек Жүргенов: зерттеулер – естеліктер – мақалалар» кітабының тұсаукесерін өткізді.

        ТҮРКСОЙ Бас хатшылығында өткен шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Анкарадағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероглу, кітаптың авторы және «Темірбек Жүргенов» атындағы қордың төрағасы Сәпен Аңсатов, ТҮРКСОЙ-дың Қырғызстандағы өкілі Қанат Мәмбеталиев пен кітапты түрікшеге аударған док.Есра Явуз Ажар сөз сөйледі.

        Қазақстан Елшісі Е.Сәпиев өзінің сөзінде Темірбек Жүргенов есімі Орта Азия мен Қазақстанға ортақ қоғам және мемлекет қайраткері болғанын, Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстанда түрлі қызметтер атқарғанын, Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған кезінде қазақ халқының мәдениеті мен өнерін дамытуда еңбек сіңіргенін атап өтті. Сонымен қатар, Елші ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен 2023 жыл Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланғанын, Темірбек Жүргенов туралы зерттеу жұмыстары мен жазылған шығармаларды жинақтап, тек қазақ халқына ғана емес, Түрік ағайындарға да танытып жүрген Сәпен Аңсатов ақсақалға алғысын білдірді.

        Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Я.Өмероғлу Т.Жүргеновтің Орталық Азия халықтарының ағарту ісіне сіңірген еңбегінің маңыздылығына, оның өмірі мен шығармашылығын тоқтала келе, Т.Жүргеновтың тек Қазақстанда төрт мыңнан астам мектептің ашылуында белсенді ат салысып, білім саласының дамуына маңызды із қалдырғанын баяндады. 

        Аталған кітаптың авторы және «Темірбек Жүргенов» атындағы қордың төрағасы Сәпен Аңсатов өзінің сөзінде Темірбек Жүргенов Орта Азия мен Қазақстанға ортақ қоғам және мемлекет қайраткері екенін, Кеңес өкіметі кезінде ұлттық мәдениет пен өнер саласында мамандар даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының жоғары оқу орындарында білім алуына қолғабыс көрсеткенін, Т.Жүргеновтің тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына септігі тигенін атап өтті. 

        Қырғызстан өкілі Қ. Мәмбеталиев өз сөзінде Темірбек Жүргеновтің қазақ халқының тарихында ерекше еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткері екенін, келешек ұрпаққа баға жетпес мұра қалдырған және қазақ-қырғыз халықтарының бауырластығын танытқан Темірбек Жүргенов, Ишенәлі Арабаев пен Қасым Тыныстановтың еңбектерін атап өтті.

        «Темірбек Жүргенов: зерттеулер – естеліктер – мақалалар» кітабын түрік тіліне аударған док. Есра Явуз Ажар осындай танымал тұлғаның еңбегін аудару өзіне үлкен мәртебе екенін, оның өмірі мен жазған еңбектеріне қатысты тоқталып өтті.

        Түркияда алғаш рет өткізіліп отырған Т.Жүргенов туралы аударылған кітаптың тұсаукесер рәсімінің соңында қазақ өнерпаздары Бекарыс Нүриманов пен Әсем Ережекқызының орындауында қазақ халық күйлері мен әндері орындалды.