Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының  150 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Ү.ж. 15-маусымда Анкарада қазақ тілін зерттеуші ғалым әрі әдебиет қайраткері, «Алаш» қозғалысының белді мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ТҮРКСОЙ ұйымы, Анкара Хажы Байрам Вели университеті және Анкарадағы қазақ студенттері бірлестігінің ұйымдастыруымен "Ғасыр ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлы" атты дөңгелек үстел өтті.

 Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Е.Сәпиев, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушы-зерттеушілері проф.док. Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун мен проф.док.  Хулия Касапоғлу Ченгел, Анкара саясат және дағдарыс зерттеулері орталығының (АНКАСАМ) өкілі Жем Койунжу, Сахипкыран стратегиялық зерттеулер орталығының (SASAM) өкілі Ахмет Атамжа, ТҮРКСОЙ ұйымының қазақстандық өкілі Бақытжан Омаров, түрік БАҚ  өкілдері, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің докторанты Елдос Тоқтарбай және Анкараның университеттерінде білім алып жүрген қазақ-түрік докторанттары мен студенттері қатысты.

Айтулы жиында алғаш сөзді алған Елші Е. Сәпиев Тәуелсіздік – Қазақстан халқы үшін ең қастерлі қазына және басты байлығы екенін, Қазақстан тарихы талай жарқын кезеңдерден тұратынын, сондай жарқын кезеңдердің бірі – өткен ғасырдың басында Алаш туы астында біріккен зиялылар мен қайраткерлеріміздің халқын азаттыққа жеткізу жолында жүргізген күресі деді.

Сонымен қатар, Елші өзінің сөзінде Алаш қозғалысының көсемі, ұлттық ғылымның негізін салушы, ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына биыл 150 жыл толуына орай Елшіліктің ұйымдастыруымен  бірқатар іс-шаралар өтіп келе жатқанын айтты. Елші «ұстаз» атанған А.Байтұрсынұлының араб әліпбиін қазақ тілінің ерекшеліктерін зерттеу арқылы қазақ грамматикасына сәйкестендіріп, реттелген ережелерден тұратын еңбектері болашақ ұрпаққа қалдырған байлығы екенін атап өтті.

Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу өзінің сөзінде XX ғасырдың басында Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, қазақ тілінің ғалымы әрі әдебиет қайраткері, Алаш Орда қозғалысының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы 150 жылдық мерейтойына орай, Қазақстан Елшілігінде осындай маңызды жиынның ұйымдастырылғанына алғысын білдірді. Ол сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы балалар үшін көптеген еңбектер жазып, оның бастысы араб әліпбиін қазақ тіліне бейімдеп, қазақ балаларына арналған тұңғыш «Әліппе» кітабын 1912 жылы шығарғанын және бұл кітап сол кездегі қазақ халқының ағарту ісіне қосқан ерекше үлесі екенін баяндады.

Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушы-зерттеушілері проф.док. Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун мен проф.док. Хулия Касапоғлу Ченгел өздерінің баяндамаларында Алаш қозғалысының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының Қазақстан тарихында ерекше орынға ие екенін, ол тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі әлеміне қажетті рухани және мәдени дүниелерге сол кезде баса назар аударған ұлы тұлға екеніне кеңінен тоқталды. Оның жазған өлеңдері, еңбектері, мақалалары, «Қазақ газетін» басып шығаруы, сондай-ақ, Алаш қайраткерлерінің жазған еңбектері түркі әлеміне қалдырған мұрасы екеніне назар аударды.

Анкара Хажы Байрам Вели университетінің докторанты Елдос Тоқтарбай өзінің баяндамасында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының басынан өткерген қиыншылықтары мен жазған еңбектеріне назар аударып, оның еңбектері әлі де терең зерттеуді талап ететінін атап өтті.

 Аталған дөңгелек үстелдің соңында қатысушылар А.Байтұрсынұлының сирек кездесетін суреттерінен тұратын көрмені үлкен қызығушылықпен қарады. Сондай-ақ, Анкарада жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттердің орындауында қазақтың күйі мен әні орындалды.