Анкарада Ұлттық Домбыра күні аталып өтті

Анкарада Ұлттық Домбыра күні аталып өтті

Ү.ж. 1-3 шілде аралығында Түркияның астанасы Анкара қаласында Қазақ халқының киелі де қасиетті музыкалық аспабы күніне орай «Ұлттық домбыра күні фестивалі» өтті.

        Аталған іc-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 12 маусымдағы Жарлығына сәйкес, әр шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра» күні деп жариялаған болатын. 

Елбасы Жарлығымен белгіленген бұл күн - ұлттық дәстүр мен өнерді жаңғыртып, дәріптеуге жол салады.

Домбыра – ол қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасырлық серігі болғаны тарихтан белгілі. Домбыраның әуенімен қазақтың талай күйшілері, ақын-жыраулары мен сал-серілері музыка әлемінде жыр төгілтіп, күй шерткен.

Айтулы іс-шара ү.ж. 1-3 шілде аралығында Анкараның ең көрікті жерлері - тарихи Эстергон қамалы, Анкара қамалы, Түркістан ғимараты, Түркия Республикасының Президенті Әкімшілігі кітапханасы және Түрік тарихи мұражайында өтті.

Ұлттық Домбыра күні фестиваліне  қазақ, түрік, татар, ноғай, жапон халықтарының өкілдерінен тұратын 50-ден астам өнерпаз 4 ай бойы дайындаған қазақтың күйлерін бір мезетте орындап, анкаралықтарды ғажап күйге бөледі.

Ұлттық домбыра күніне орай мұндай ауқымды шара шетелде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

2 шілдеде басталған Ұлттық домбыра күні фестивалі Түркия Республикасының Президент әкімшілігінің  Ұлттық Кітапханасында салтанатты концертпен ашылды.

Т.Р. Президенті Әкімшілігінің Ұлттық кітапханасында өткен концертке Елші Абзал Сапарбекұлы және Т.Р.Президенті Әкімшілігінің Ұлттық кітапханасының басшысы Айхан Туглу, Түркиядағы Қарғызстан, Албания, Иран және Мажарстан елдерінің елшілері, дипломаттары , депутаттар, түрік елінде білім алып жатқан студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Концертте домбырашылармен қатар, Қазақстан және Түркияның өнер майталмандары, атап өтер болсақ, Қазақстанның мәдениет қайраткері Эльмира Шендуран, Қазақстан және Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі Меруеш Башай, Түркияда қазақтың қасиетті құралын дәріптеп жүрген Шәмшігүл Жүсіпова мен Седат Солакоглу, Түркі дүниесі оркестрінің музыканты, белгілі композитор Ирфан Гүрдал, Мая Исмаилова сияқты көрікті өнер иелері да қазақ халық әндерін көрермендерге паш етті. Бұндай тағылымы терең, мазмұнды мерекенің ұйымдастырылуы - Ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық. Домбыра – бұл өмірдің , әр қазақ жанының бір бөлігі. Қазақ тарихының көптеген ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен асқақ мұрасы. Домбыра  қазақтың парасаттылығын, кеңдігін көрсетеді.

3 шілдеде Ұлттық домбыра күні фестиваль шеңберінде Анкараның ең үлкен «Түрік тарихи мұражайында» фестивальдің аяқталуына орай салтаннатты концерттік бағдарлама өтті.

Концерттік бағдарламаға Елші Абзал Сапарбекұлы, Этимесгут ауданы әкімі Энвер Димерел, Тарихи түрік мұражайы директоры Ахмет Йылдырым, Этимесгут ауданы әкімі орынбасары Алладин Сонат, депутаттар, мәдени орталық жетекшілері мен зиялы қауым және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Елші Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде «Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне 2018 жылы Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті Домбырамызды өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық.» деп домбыра күнінің маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, Елші Абзал Сапарбекұлы осындай ауқымды шараның шетелде алғаш рет Түркияда өтіп жатқанын атай келе, ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен бауырлас түрік халқына алғысын білдірді.

Өз кезегінде Елші Абзал Сапарбекұлы шараға келген барша қонақтарды «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтап, ұлттық өнерді жалғастыру мен қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздарға ізгі тілегін білдіре келе, оларды алғыс хатпен марапаттады.

Қазақстанда Ұлттық домбыра күні Еуразияның жарық жұлдызына айналған Нұр-Сұлтан қаласының күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда Қазақстандағы Нұр-Сұлтан күні мен тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында елордамызда көптеген іс-шаралар өтіп жатқандығын атап өтеміз.

3 шілдеде әйгілі домбырашы Дина Нұрпейісова мен белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың ескерткіштері ашылды. 4 шілдеде Алаш зиялылары, көрнекті саяси қайраткерлер Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов үшін ескерткіштер ашылуы жоспарланған.