Қазақстан Елшісі Түркияның Вице-Президентімен кездесті

Қазақстан Елшісі Түркияның Вице-Президентімен кездесті

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркияның Вице-Президенті Фуат Октаймен кездесті.

Кездесуде бауырлас Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты және көпжақты стратегиялық ынтымақтастық тілге тиек болды. Атап айтқанда, Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының 11-ші отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы және Комиссияның келесі кездесуінің мерзімі талқыланды. (2020 ж. 11 ай ішінде ҚР мен ТР-дың сауда айналымы 2,8 млрд.долл. 3 тоқсанда Қазақстанға тартылған түркиялық инвестиция көлемі 282,5 млн.долл.)

Сондай-ақ, алдағы уақытта Түркістанда өтуі жоспарланған Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының бейресми Саммиті, екі елдің өзара инвестициялық ынтымақтастығын арттыру жолдары, екіжақты инвестицияны ынталандыру үшін қосымша механизмдерін қарастыру және Қазақстан мен Түркия арасында өзара эспорт-импорттық тиісті келісімшарттарды пысықтау мәселелері де кездесудің басты тақырыптары арасында болды.

Қазақстан мен Түркия басшыларының тығыз әрі сенімді байланыстардың арқасында әлемдік сауда төмендеу үрдісіне қарамастан, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастар дамуының оң динамикада өтіп келе жатқанын атап өткен Елші А.Сапарбекұлы үстіміздегі жылы ынтымақтастығымыз бұдан да жақсы көрсеткіштерге ие болатындығына үмітін білдірді.

Түркия Вице-Президенті Ф.Октай бауырлас елдер арасындағы сауда көлемін Мемлекет басшылары қойғандай қысқа мерзімде 5 млрд.-тық межеге жеткізу бойынша қарқынды жұмыстарды жалғастыру маңыздылығына баса назар аударды.

Кездесу нәтижесінде, Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссия уағдаластықтарын жедел түрде іске асыру мақсатында жуырда екі елдің тиісті министрліктері арасында бейне жиындар өткізу жоспарлануда.