
Анкара, 2026 жылғы 19 наурыз – Қазақстан Елшілігі мен Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстан жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің алғашқы кездесуі өтті.
Достық және кәсіби байланыстарды күшейтуге бағытталған кездесу барысында қатысушылар қазақ жоғары оқу орындары түлектерінің Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы рөлі жөнінде ой бөлісіп, Қазақстанның білім беру әлеуетін шетелде ілгерілету және түлектер қауымдастығындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқылады.
Түлектер білім алған ошағын және қазақ тілін ұмытпай Қазақстанмен байланысын ешқашан үзбейтінін жеткізіп, елімізде болып жатқан реформалар мен жаңашылдықтарды, оның ішінде жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты оң көзқарастарын білдірді.
Елші Е.Сәпиев Қазақстанда білім алған түлектер бауырлас елдер арасындағы алтын көпір ретінде екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және өзара түсіністік пен достықты нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде Өкілетті кеңестің төрағасы М.Шимшек түрлі салаларда қызмет атқаратын түлектерді біріктіруге, бірлескен білім және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан университеттерінің халықаралық беделін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендігін білдірді.
Іс-шара аясында қатысушылар өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары мен бірлескен іс-шаралар туралы жоспарлар жасап, екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге атсалысу мақсатында осындай жиындарды дәстүрге айналдыруға уағдаласты.