Түркия сарапшылары жаңа Конституция жобасына жоғары баға берді

Түркия сарапшылары жаңа Конституция жобасына жоғары баға берді

Анкара, 2026 жылғы 6 наурыз – Анкарада сарапшылар Қазақстандағы конституциялық реформаны талқылады.

Давос форматында өткен жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Гаспыралы атындағы Сыртқы саяси зерттеу институтының басшысы профессор Эсма Өздашлы, Ақтеңіз университетінің профессоры Хайри Кесер, Түрік Құқық институты директорының орынбасары, заңгер Бетулай Химоғлу, Ахмет Джевад атындағы түркі әлемі зерттеу институтының басшысы профессор Рухи Ерсой, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің профессорлары Жемиле Кынажы Баран, Левент Ерсин Ораллы және Кадир Ертач Челик қатысты.

Іс-шара барысында Елші Е. Сәпиев конституциялық реформа барысы туралы кеңінен ақпарат берді. Ол халықтың «е-өтініш» және «e-gov» платформалары арқылы өз пікірлерін белсенді түрде білдіргенін және алдағы 15 наурызда референдум жоспарланғанын атап өтті.

Профессор Р. Ерсой Қ. К. Тоқаевтың Президенттікке сайлануынан кейін Қазақстанда жан-жақты реформалар басталғанын атап өтіп, олардың нәтижесі қазіргі конституциялық реформаға әкелгеніне назар аударды.

Конституциялық құқық сарапшысы профессор Х. Кесер өз сөзінде конституция ұғымының тарихына тоқталып, әртүрлі елдердегі реформалар жөнінде мағлұмат берді. Осы ретте ол Қазақстанның жаңа Конституция жобасының кіріспесінде мемлекеттілік, татулық, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарына ерекше назар аудару арқылы «жаңашылдық» әкелгенін жеткізді.

Б. Химоғлу Конституцияның 84%-ға өзгергенін, адам құқықтары және отбасы құндылықтары жөніндегі баптардың күшейгенін байқағанын айтты.

Л. Е. Ораллы елдің ұлттық құндылықтары – тіл, мәдениет және отбасы мәселелерінің конституциялық тұрғыдан бекітілуі Қазақстанның жаңа бір дәуірге қадам басқанының белгісі екенін білдірді.

Дж. К. Баран, К. Е. Челик және Э. Өздашлы «Жеті Жарғы» секілді тарихи заңдар арқылы қазақ халқының Ата Заңға үлкен мән беретініне назар аударды. Сонымен қатар, жаңа жобада Қазақстан билігінің қоршаған ортаға және адам құқықтарына ерекше мән беруі елдегі демократияның жоғары деңгейінің дәлелі екенін жеткізді.

Жалпы сарапшылар жаңа Конституция жобасына жоғары баға беріп, қазіргі күрделі заманда Қазақстанның жаңа Конституция қабылдауға ұмтылуын өте батыл қадам деп бағалады.