Анкара, 2025 жылғы 10 қараша – Анкарада 15-қараша Ұлттық валюта күніне орай қазақ естелік ақшаларынан көрме ұйымдастырылды.
Көк-Ту қазақ мәдениеті ұйымы мұрындық болған іс-шараға Түркияның Қазына және қаржы министрлігіне қарасты Түркия монета сарайының бөлім басшысы Яшар Чукур, Әділет және даму партиясының Түркі әлемі қатынастар басшысының орынбасары Джемиле Кынаджы Баран, түрік коллекционерлері, Анкарадағы қазақ диаспора өкілдері мен студенттер қатысты.
Іс-шарада көптеген сарапшылар түркі елдерінің ақша жасау технологиясы ұқсас екенін жеткізді. Яшар Чукур: «Қазақстанда жасалған монеталар біздің мәдениетке де ұқсайды. Сіздерде діни бейнелер, мемлекет қайраткерлері, географиялық аймақтар, ғалымдар бейнеленген. Бізде де солай. Монета технологиясы жағынан да ұқсастықтар бар. Монета басу тәсілдері бірдей. Тек ою-өрнектер әр түрлі. Бірақ процесс те, мақсат та бір. Бүгінгі монеталар 100, 200, 500 жылдан соң ерекше мәнге ие болады» деген ойын жеткізді. Дж.Кынаджы Баран өз сөзінде тарихта түркі елдеріндегі ақшаның ерекше рөлін атап өтіп, «теңге» атауы ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «танга» күміс монеталарынан шыққанын алға тартты.
Жалпы Түркияда қазақ естелік ақшаларына арналған көрме алғашқы рет ұйымдастырылды.
Көрме барысында қонақтар студенттердің орындауындағы ұлттық күйлерді тыңдап, қазақтың дастарханынан дәм татты.