Түркияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен Қазақстандағы реформалар талқыланды

Түркияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен Қазақстандағы реформалар талқыланды

Анкара, 2025 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы талқыланды.

Іс-шараға сарапшылар, саясаттанушылар, жергілікті әкімшілік, ғылым, бизнес, БАҚ өкілдерінен құралған жалпы саны 60-тан аса қонақ қатысты.

Елші Еркебұлан Сәпиев цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, инвестиция, ауыл шаруашылығын дамыту секілді Жолдаудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Президенттің Жолдаудағы Түркияға сапары туралы мәлімдемесіне тоқталып, екіжақты кеңейтілген жоғары стратегиялық ынтымақтастықтың дамуына назар аударды.

Истинйе университетінің проректоры, профессор Максут Жошкун Қазақстан мен Түркияның арасындағы ынтымақтастық тарихын баяндап, Жолдаудың бастамалары елдеріміздің байланыстарын күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. 

Өз кезегінде, сарапшылар Президенттің жаңашыл бастамаларын жоғары бағалап, жасанды интеллектіні толыққанды енгізу тапсырмаларының ерекшелігін атап өтті. Цифрландыру жұмыстарын заң жүзінде бекіту аясындағы Цифрлық кодексін енгізу маңыздылығын айтты.

Бизнес өкілдері Жолдаудағы инвесторлардың құқығын қорғау бойынша бастамалар елімізге инвестицияның келуіне жол ашатыны туралы пікір білдірді. Саясаттанушылар Қ. Тоқаевтың Жолдаудағы Парламенттің бір палаталық жүйеге көшуі туралы бастаманы халықтың талқысына салу нағыз демократиялық мемлекеттің көрсеткіші екенін жеткізді.

Жиынды қорытындылай келе қонақтар Жолдаудың кешенділігін, нақтылығын сипаттай отырып, көтерілген мәселелер тез арада іске асырылатынына сенім білдірді.