Түркі әлемі жастары Абайдың есімін ұлықтады

Түркі әлемі жастары Абайдың есімін ұлықтады

Анкара, 2025 жылғы 6 тамыз – Анкарада Қажы Байрам Вели Университетінің Түркі әлемі зерттеу орталығы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен Абай күні аталып өтті.

Университет ректор орынбасары Проф. Др. Метин Орбай Абайдың тек ақын немесе жазушы ғана емес, сонымен қатар терең ойшыл, ұтымды бақылаушы және мықты қоғам талдаушысы екеніне назар аударып, оның сатираға толы сөздері арқылы қоғамға жол көрсеткенін айтты. Абайдың қазіргі жастар үшін әлі де өзекті рухани жетекші екенін атап өтті.

Түркі әлемі зерттеу орталығы директоры, Проф. Др. Жәмилә Кынажы Баран Абайдың әрі әдеби тұлғасы, әрі ой мұрасымен ғасырлардан асып, маңызын жоғалтпаған бірегей тұлға екенін атап өтіп, «Абай – тек қазақ әдебиетінің ғана емес, Түркі дүниесінің ортақ ар-ожданы. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде көрсеткен мәселелер бүгінгі күні де өзекті болып отыр. Білімге, адамгершілікке және қоғамдық жауапкершілікке жасаған үндеулері бізге әрқашан бағыт-бағдар бола береді», - деді.

Қазақстан өкілдері өз сөздерінде Абай мұрасын тек оқып қана қоймай, оны түсіну маңыздылығына назар аударды. Абайды тану – өзіңді тану, Абайды сүю – еліңді сүю екенін жастардың есіне салды.

Іс-шарада Абайдың өмірі мен идеяларына арналған қысқаша деректі фильм көрсетілді. Одан кейін қазақ, түрік, қырғыз және өзбек жастары Абайдың өлеңдері мен шығармаларынан үзінділерді оқып, оқытушылар құрамы Абайдың Түркия мен батыста танылуына арналған арнайы дәріс өткізді.

Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл мағыналы шара, Түркі дүниесі жастарының ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде бас қосуына себеп болды.