«Өмір бәйтерегі» романы түрік оқырманымен қауышты

«Өмір бәйтерегі» романы түрік оқырманымен қауышты

Анкара, 2025 жылғы 27 мамыр – Түркия Республикасының Президенттік кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері және «Mecenat.kz» романдар байқауының жеңімпазы Сәуле Мағазбекқызы Досжанның «Өмір бәйтерегі» атты шығармасының түрік тіліне аударылған нұсқасының ресми тұсаукесері өтті.

Аталған іс-шараны Түркі тарихы және мәдениеті қоры “TURKTAV” ұйымдастырып, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетті.

Жиынға Түркияның зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, сондай-ақ Анкарадағы дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Бұл кеш тек әдеби шара ғана емес, қазақ-түрік мәдени байланыстарының тағы бір айқын көрінісіне айналды.

«Өмір бәйтерегі» романы – адам тағдыры арқылы ұлттық болмысты, тарихи жады мен рухани құндылықтарды көркемдік шеберлікпен бейнелеген шығарма. Сәуле Досжан бұл туындыда жеті аталық ұғым, қан тазалығы, ата-аналық жауапкершілік сияқты ұлттың терең танымын жаңа заманның әлеуметтік шындығымен шебер ұштастырады. Бұл – қазақ әдебиетінде сирек кездесетін өткір әлеуметтік тақырыпқа арналған, бірақ терең философиялық астары бар шығарма.

Іс-шара барысында сөз алған Түркия Президенттік кітапханасының директоры Айхан Туғлу «өмір ағашы» ұғымының түрік мәдениетінде де кең таралғанын атап өтті. Ол бұл ұғымның қос халықтың ортақ дүниетанымынан туындайтынын айта келіп, романның түрік оқырмандары үшін мәні терең болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде, жазушы Сәуле Досжан романның жазылу тарихына тоқталып, шығарманы түрік тіліне аударуға атсалысқан барша қолдаушыларына және өз оқырмандарына шынайы алғысын білдірді. Ол бұл кітаптың адамзаттық мәселелерді көтеру арқылы қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттауға сеп болатынын атап өтті.

Салтанатты кеш аясында UNESCO қамқорлығындағы Қазақстанның «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» Түркияның Ұлттық кітапханасына қазақ әдебиетінің таңдаулы кітаптарын тарту етті. Тартылған туындылар қатарында биыл 50 жылдығы атап өтілетін көрнекті ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің әйгілі «АЗ и Я» кітабы да бар.

Қазақ әдебиетінің рухани жанашырларын бір ортаға жинаған бұл әдеби кездесу автордың оқырмандарына өз қолтаңбасымен кітап табыстауымен қорытындыланды.