Ақаба, 2025 жылғы 5 мамыр – Жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның Ақабадағы Арнайы экономикалық аймақ пен Ақаба теңіз портына іссапармен барды.
Сапар барысында Ақаба порттарын пайдалану және басқару компаниясының Бас директоры Махмуд Әл-Халифатпен кездесу өтті. Тараптар порттың логистикалық мүмкіндіктерін, соның ішінде жүктерді жеткізу мерзімдерін, транзиттік маршруттарды, мультимодальды тасымалдауларды, тарифтік саясатты және қызмет көрсету шарттарын талқылады.
Сол күні Ақаба арнайы экономикалық аймағы басқармасының (ASEZA) бас комиссары Найеф Әл-Файезбен кездесу өтті. ASEZA инвестициялық басымдықтары, іске асырылып жатқан жобалар, инвесторларды қолдау шаралары, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және көлік-логистикалық ортаны жақсарту жөніндегі стратегиялық жоспарлар басты назарда болды.
Сапар қорытындысы бойынша ынтымақтастықты жандандыру және Ақаба теңіз порты мен Қазақстан порттарының бірі арасында екіжақты құжатқа қол қою мүмкіндігін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.