Амманда цифрландыру, жасанды интеллект және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Амманда цифрландыру, жасанды интеллект және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Амман, 2025 жылғы 28-29 сәуір – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Ж.Мадиев бастаған қазақстандық делегацияның Иордан Хашимит Корольдігіне сапары өтті.

Сапар барысында Иорданияның Цифрлық экономика және кәсіпкерлік министрі Сами Смейратпен, Көлік министрі Виссама Ат-Тахтамунимен, ИХК Азаматтық авиацияны реттеу жөніндегі комиссияның Бас комиссары және Бас директоры Хайтам Мистомен, сондай-ақ Корольдіктің бейінді компаниялары мен ұйымдарының басшыларымен келіссөздер өтті.

Кездесулер барысында цифрландыру, инновациялар, жасанды интеллект, электрондық үкімет және т.б. салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация Иорданияның тәжірибесімен танысып, өндірістік кәсіпорындарға, зерттеу орталықтарына, сондай-ақ бейінді оқу орындарына барды.

Иордан тарапы мазмұнды келіссөздер мен тәжірибе алмасу барысында Қазақстанның цифрлық трансформация, электрондық үкіметті дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Кездесулер қорытындысы бойынша ынтымақтастықты әрі қарай нығайту, бірлескен бастамаларды іске асыру және басым бағыттарда тәжірибе алмасу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.