Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Иорданияда өткен халықаралық конференцияға қатысты

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Иорданияда өткен халықаралық конференцияға қатысты

2025 жылғы 22-24 сәуірде Иордан Хашимит Корольдігінің астанасы Амман қаласында «Ұлттық кітапханалар мен архивтер және олардың өзгермелі цифрлық ортадағы ұлттық жадыны сақтаудағы рөлi» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбай қатысты.

ҚР Президенті Архивінің директоры А.Мұстафина «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің білім беру саласындағы тәжірибесі: әріптестік, жобалар және перспективалар» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстан Президентінің Архиві жастарды білім беру бастамалары, оның ішінде университеттермен әріптестік, жазғы мектептер, хакатондар, оқушыларға арналған олимпиадалар мен конкурстар арқылы ұлттық жадыны сақтауға белсенді тартатынын атап өтті.

Конференция аясында қазақстандық делегация Иордания ұлттық кітапханасының, Қатардың Ұлттық архивтерінің, сондай-ақ Хашимит Корольдігі құжаттама орталығының өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Олардың барысында архив қорларын цифрландыруды, кәсіби тәжірибелермен алмасуды және бірлескен жобаларды іске асыруды қоса алғанда, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.

Иорданияның ұлттық кітапханасы ұйымдастырған Форум Қазақстанды, Алжирды, Мысырды, Қатарды, Малайзияны, Оманды, Палестинаны және Сауд Арабиясын қоса алғанда, 15-тен астам елдің өкілдерін біріктірді. Талқылаудың негізгі тақырыптары цифрландыру, зияткерлік ресурстарды құқықтық қорғау, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы архив мекемелерінің рөлі болды.

ҚР Президенті Архивінің аталған конференцияға қатысуы халықаралық гуманитарлық байланыстарды нығайту және архив саласындағы диалогты әрі қарай дамыту ісіндегі маңызды қадам болды.

Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігі қазақстандық делегацияға ұйымдастырушылық және протоколдық міндеттерді шешуде қолдау көрсетіп, іс-шарада елдің лайықты өкілдігіне ықпал етті.