Қазақстан мен Иордания дінаралық диалог саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Иордания дінаралық диалог саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Амман, 2025 жылғы 24 сәуір – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Корольдік дінаралық зерттеулер институтының директоры Рени Хаттар ханыммен кездесу өткізді.

Кездесу аясында тараптар толеранттылық пен өзара түсіністік идеяларын ілгерілетуге баса назар аударды. 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы VIII съезі басты тақырыптардың бірі болды.

Елші Т.Шалданбай ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан Р.Хаттарға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне ресми шақыруды табыс етті.

Қазақстандық дипломат Иорданияның дінаралық диалогты дамытуға бағытталған еліміздің бастамаларын дәйекті түрдегі қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Хашимит Корольдігінің өткен форумдардағы рөлі, сондай-ақ иордан тарапының жаһандық өзара түсіністікті нығайтуға деген ұмтылысы ерекше атап өтілді.

Р.Хаттар, өз кезегінде, Қазақстанның бейбітшілік пен дінаралық келісім идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол VIII Съезге қатысу халықаралық диалогты әрі қарай дамыту үшін маңызды мүмкіндік болатынына назар аударды. Сонымен қатар, Р.Хаттар 2022 жылғы қыркүйек айында өткен VII Съезге қатысу құрметіне ие болғанын атап өтіп, алдағы форум тиімді дінаралық өзара іс-қимыл дәстүрін жалғастыратынына сенім білдірді.

Корольдік дінаралық зерттеулер институтының директоры шақыру хат үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның діндердің бейбіт қатар өмір сүруін ілгерілетудегі бастамаларының маңыздылығы жөнінде пікір айтты.

Кездесу соңында тараптар жемісті ынтымақтастыққа үміт білдіріп, халықаралық сахнада конфессияаралық өзара іс-қимылды нығайту бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға дайын екендіктерін растады.