Қазақстан Елшісі Палестинаның СІМ басшысына сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Қазақстан Елшісі Палестинаның СІМ басшысына сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Айдарбек Тұматов ү.ж. 9 ақпанда Палестина Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Рияд әл-Мәликиге Қазақстан Республикасының Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды.

Табыс ету рәсімі Палестинаның Амман қаласындағы Елшілігінде өтті. Қазақстан дипломатын тағайындауымен құттықтап, министр оған екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге бағытталған қызметіне табыс тіледі.

Рәсімнен кейін өткізілген сұхбат барысында тараптар қазақстандық-палестиналық ынтымақтастықтың ахуалы  мен перспективаларын, сондай-ақ БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК және басқа халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдарын талқылады. Сонымен қатар, өнірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер, оның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал қарастырылды.

Қазақстанды АӨСШК-тағы төрағалығымен құттықтай отырып, Р. Әл-Малики осы алаңның Азиядағы қауіпсіздік саласындағы аймақтық форум ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Палестина Сыртқы істер министрі Қазақстанның ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі іс-әрекетін, атап айтқанда бұл саладағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жоғары бағалады. Сонымен қатар, палестиналық дипломат Қазақстанда өткен парламенттік сайлау жайлы оң пікірін білдіріп, Палестинада ү.ж. мамырда өтетін парламенттік сайлауға бақылаушы ретінде қатысуға шақырды.

Өз кезегінде, А.Тұматов Таяу Шығыс проблемасын тек бейбіт жолмен шешуге қатысты Қазақстан ұстанымының өзгермейтіндігін, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары негізінде Палестина халқының тиісті тәуелсіз мемлекет құру туралы заңды құқықтарын жүзеге асыруды қолдайтындығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі палестинааралық бірлігін нығайтуға бағытталған халықаралық бастамаларын, сондай-ақ биыл БҰҰ-ның қолдауымен бейбіт конференциясын өткізуін қолдайтынын айтты.

Өз кезегінде, Палестина тарапы жемісті және тиімді ынтымақтастыққа баса назар аударатынын атап өтіп, екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында Елшінің қызметіне көмек пен қолдау көрсетуге дайын екендігін хабарлады.