Иорданияда үкіметаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Иорданияда үкіметаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

2021 жылы 2 ақпанда Қазақстанның Аммандағы Елшісі Айдарбек Тұматов Иорданияның Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрі, Қазақстан-Иордания Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) тең төрағасы Маха әл-Әлимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында жаңа қызметке тағайындалуына байланысты ҮАК қазақстандық бөлігінің тең төрағасы болып табылатын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың құттықтау хаты жеткізілді. Аталған хатта үкіметаралық ынтымақтастықты барлық негізгі бағыттар бойынша одан әрі тереңдетуге қызығушылық білдірілді.

Өз кезегінде, Маха әл-Әли екіжақты ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін бар әлеуетті ашуға, соның ішінде тауар айналымын ұлғайту мен екі елдің өзара әрекеттесу формаларын әртараптандыру үшін жағдай жасауға мүдделілік танытты.

Осы ретте, ағымдағы жылдың ортасында Амманда үкіметаралық комиссияның кезекті 5-ші отырысын, сондай-ақ Қазақстан-Иордания бизнес форумын өткізуге қатысты мәселелер талқыланды.