Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігінде кезекті пресс-брифинг өткізілді

Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігінде кезекті пресс-брифинг өткізілді

2021 жылы 24 қаңтарда Қазақстанның Аммандағы Елшісі Айдарбек Тұматов Иорданияның жетекші «Petra» ақпарат агенттігінің өкілдері үшін брифинг өткізді. Аталған іс-шара барысында елімізде өткен парламент сайлауының нәтижелері, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінің негізгі аспектілері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Атап айтқанда, медиаресурс өкілдеріне Мемлекет басшысының Мәжілістің жаңартылған құрамына жүйені орталықсыздандыру, мемлекеттік аппаратты жаңғырту, квазимемлекеттік секторды оңтайландыру мен барлық үдерісті цифрландыруға бағытталған кешенді реформаларды жүзеге асыру бойынша жүктеген міндеттер туралы ақпарат берілді.

Кездесу соңында әртүрлі салалардағы, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ осы жылдағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Иордания мемлекеттілігінің 100 жылдығына арналған бірлескен іс-шаралар өткізу ықтималдығы туралы пікір алмасылды.