
Бағдад, 2026 жылғы 22 маусым – Ирак Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі және Ирак Республикасында Елші қызметін қоса атқарушы Талғат Шалданбайдың ИР Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммад Хусейн Бахр Әл-Улюммен және Сыртқы істер министрінің көпжақты және құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Шорш Халид Саид Гафуримен кездесулері өтті.
Қазақстан Елшісі ирактық әріптестерін мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жаңғыртуға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған елімізде жүргізілудегі саяси реформалар туралы хабардар етті. Қазақстанның жаңа Конституциясы қағидаларының іске асырылуы, сондай-ақ елдің келешектегі саяси дамуының маңызды кезеңіне айналатын Құрылтай депутаттарының алдағы сайлауына дайындық барысы туралы ақпарат ұсынылды.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Ирак қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, саяси диалог пен сыртқы саяси мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін, оның ішінде биік және жоғары деңгейлердегі өзара сапарлар мен байланыстарды ұйымдастыру перспективаларын, сондай-ақ екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын өткізу мәселелерін талқылады.
Халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелеріне, оның ішінде Қазақстан мен Ирактың Біріккен Ұлттар Ұйымының сайланбалы органдарына ұсынған кандидатураларын өзара қолдау мәселелеріне, Ислам ынтымақтастығы ұйымы шеңберіндегі өзара іс-қимылға және көпжақты күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тараптар шарттық-құқықтық базаны кеңейту, визалық, консулдық ынтымақтастық мәселелерін және екі мемлекет азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың белгілі бір аспектілерін қарастырды.
Тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігермен бірге өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай жандандыруға, өзара қызығушылық тудыратын мәселелердің барлық спектрі бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және халықаралық алаңдарда тығыз үйлестіруді қолдауға бейілділігін растады.