
Амман, 2026 жылғы 1 наурыз – Иордан Хашимит Корольдігінің Қоршаған орта министрлігінде Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбай аталған ведомствоның басшысы Айман Абдулла Сүлейманмен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі және табиғи ресурстарды орнықты басқару салаларындағы Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, сондай-ақ салалық халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылды талқылады.
Қазақстан Елшісі иордан тарапын 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген алдағы Республикалық референдум туралы хабардар етті. Референдумға Қазақстан Конституциясы жаңа редакциясының жобасы шығарылатыны атап өтілді. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жетілдіруге және билік институттары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталғанына назар аударылды.
ҚР Президентінің 2025 жылғы 12 желтоқсанда БҰҰ қамқорлығымен су қауіпсіздігі саласындағы жаһандық үйлестіруді нығайтуға бағытталған су ресурстары мәселелері жөніндегі мамандандырылған халықаралық құрылым құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды.
Осы тұрғыда Елші Министрге «Өңірлік экологиялық саммит - 2026» (2026 жылғы 22-24 сәуір, Астана қаласы) іс-шарасына қатысуға ресми шақыру хатын табыс етіп, аталған жиын Қазақстанның БҰҰ Су ресурстары жөніндегі мамандандырылған құрылымын құру бастамасын ілгерілетуге бағытталған халықаралық жұмыстың бір бөлігі болып табылатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экологиялық күн тәртібі бойынша диалогты әрі қарай дамытуға және екіжақты деңгейде, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілігін растады.