
Амман, 2026 жылғы 27 қаңтар – Иордан Хашимит Корольдігінің Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрлігінде Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбай Иордания сыртқы саяси мекемесінің Халықаралық ұйымдар департаментінің директоры Али Әл-Басулмен кездесті.
Қазақстан Елшісі иордан тарапына еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы, Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымындағы және басқа да көпжақты форматтағы бастамаларын дәйекті түрде қолдағаны, сондай-ақ халықаралық тетіктерді институционалдық дамыту мәселелеріндегі сындарлы өзара іс-қимылы үшін ризашылық білдірді.
Сонымен қатар, Елші ү.ж. 20 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Ұлттық құрылтайының 5-отырысының негізгі қорытындыларымен таныстырды. Аталған іс-шара шеңберінде ауқымды саяси және конституциялық реформаларды қоса алғанда, елді әрі қарай дамытудың негізгі бағыттары қарастырылғандығы атап өтілді.
Тараптар халықаралық ұйымдар желісі бойынша үйлестіруді әрі қарай нығайтуға, оның ішінде көпжақты алаңдарда екі елдің кандидатуралары мен бастамаларын өзара қолдау тәжірибесін жалғастыруға мүдделілігін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тығыз үйлестіру жұмыстарын жалғастыруға және әріптестік рухында халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.