Иордания Корольдік сарайында қазақ-иордан қарым-қатынастары талқыланды

Иордания Корольдік сарайында қазақ-иордан қарым-қатынастары талқыланды

Амман, 2026 жылғы 11 қаңтар – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иордания Корольдік сарайының Саяси мәселелер жөніндегі департамент директоры Моаз Аз-Зубимен кездесті.

Кездесу барысында Тараптар екі ел басшыларының 2025 жылғы өзара ресми сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру тұрғысында екіжақты қатынастардың жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Иордания арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Астана мен Амманның халықаралық сахнадағы бастамаларын қолдау және халықаралық ұйымдар аясында толыққанды диалог орнату маңыздылығы атап өтілді.

Департамент директоры М.Аз-Зуби қазақ тарапына екі елдің бастамаларын сыртқы саясатта ілгерілетуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Бұған қосымша, ол 2025 жылы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Амман қаласына (ақпан) және Иордания Королі Абдалла II-нің Астана қаласына (тамыз) ресми сапарлары екі ел арасындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқандығына назар аударды.

Елші Т.Шалданбай Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін және толыққанды ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді. Ол Елшіліктің екіжақты қатынастарды жандандыру үшін қолайлы жағдай жасауға атсалысатындығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар тұрақты байланыстарды жалғастыруға және Қазақстан мен Иордания арасындағы диалогты кезең-кезеңімен нығайтуға бағытталған нақты шараларды бірлесіп әзірлеуге өзара қызығушылық білдірді.