
Амман, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның «Jordan Phosphate Mines Company» (JPMC) Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммад Аз-Зунейбатпен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар JPMC мен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде технологиялармен алмасу, фосфат шикізатын қайта өңдеу, сондай-ақ қазақ тарапының Иордания аумағындағы JPMC өндірістік жобаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Екі елдің салалық мемлекеттік құрылымдары мен бизнес-ұйымдары, атап айтқанда «Қазфосфат» ЖШС мен JPMC арасында тікелей байланыс орнатудың маңыздылығына назар аударылды.
Елші Т.Шалданбай Қазақстанның JPMC-пен өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі екендігін атап өтіп, нақты келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан делегациясының Иорданияға сапарын және оның барысында JPMC-тің өндірістік нысандарына баруын ұйымдастыруға атсалысуға дайындығын жеткізді.
Тараптар болашақ ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындау мақсатында салалық ведомстволар мен компаниялар желісі бойынша байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.